Алматыда ересектер арасында бокстан қала чемпионаты өтеді

23.02.2018, Оқылғаны: 297

Наурыздың 1-і мен 4-іаралығында алып шаһарда 1999 жылы және одан жоғары жылдары туылған былғары қолғап шеберелері арасында бокстан Алматы біріншілігінің жалауы желбірейді, деп хабарлайды ақпараттық және спорттық ХАБ.

Бокс додасы «ЦСКА» спорт кешенінде (Сәтпаев көшесі, 6 б) ұйымдастырылады. Чемпионат AIBA ережелерімен бекітілген 11 салмақ дәрежелері бойынша өтеді: 46, 49, 52, 56, 60, 64, 69, 75, 81, 91, +91 кг.

Жарыстың басты мақсаты еліміздегі спорттың бокс түрін насихаттау және бұқаралық дамыту, сонымен қатар, жастар арасындағы қала құрама командасын жасақтау үшін мықты боксшыларды анықтау болып табылады.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдар және медальдармен марапатталады.

Қала чемпионаты Алматы қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Алматы қаласы бокс Федерациясының қолдауымен өткізіледі.

Спортшылардың салмақ өлшеу рәсімі ақпанның 28-і күні сағат 17:00-ден басталады.