Алматыда спорттық гимнастикадан әлем кубогінің жеңімпазы Нариман Құрбановты салтанатты түрде қарсы алды

27.02.2018, Оқылғаны: 219

Алматының халықаралық әуезжайына спорттық гимнастикадан Қазақстан ұлттық құрамасы ұшып келді. Олар Мельбурнда (Австралия) өткен әлем кубогінің екінші кезеңіне қатысқан болатын, деп ақпараттық және спорттық ХАБ хабарлайды.

Олардың қатарында ат жаттығуында жақсы өнер көрсетіп, бірінші орын алған Нариман Құрбановта болды. Ол 14,933 ұпай жинаған еді. Алматының әуезжайында спортшыларды қарсы алып, құттықтауға олардың жақындары, бапкерлері, сондай-ақ достары келді.

- Бұл менің өмірімдегі екінші халықаралық жарысым болды. Әрине, қобалжыдым. Алайда, бірінші орын алғаныма өте қуаныштымын. Ол жерден алған әсерімді айтып жеткізу мүмкін емес. Шынымды айтсам, өзімнің нәтижемді көрсетемін деп ойлаған емеспін. Қалай болса да, Қазақстанда әлем кубогінің алтын медалі болмағанына көп болып еді. Барлығына бұл күтпеген оқиға болды. Менің жасаған әдістерім әлемдегі ең қиын әдіс болып саналады. Сондықтан мен өзімнің шамамды білемін. Осындай үлкен турнирде тез топ жарамын деп ойламаппын. Бұл алтын медалдін маңызы маған өте зор, ол тек менікі ғана емес, еліміздікі, - деді Нариман Құрбанов.

Оның айтуынша екі аптадан соң ол командасымен Баку (14-18 наурыз) мен Дохада (24-27 наурыз) өтетін әлем кубоктарының кезеңіне аттанады. Нариманның өзі тек жақсы нәтиже көрсететінін мәлімдеді.