Алматыда мұғалімдер спартакиадасы өтті

24.03.2018, Оқылғаны: 579

Бүгін "Спорттық Алматы" бағдарламасы аясында Алматыда жалпы білім беретін мектеп  мұғалімдері арасындағы спартакиаданың аудандық кезеңі өтті, деп ақпараттық және спорттық ХАБ хабарлайды.

Спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырушылардың құттықтау сөздерімен және кішігірім концерттік бағдарламамен басталды. "Спорттық Алматы" өкілдері қатысушыларды жарыс ережелерімен таныстырып, сәттілік тіледі.

Қаланың әр ауданының мұғалімдері тоғызқұмалақ, волейбол, аркан тарту, шахмат және гір көтеруден өзара мықтыны анықтады.

- Біз мұғалімдер арсындағы жарыстарға әрқашан қуана-қуана қатысамыз. Бүгін демалыс күні болғанымен, әріптестерімізбен өз мектебіміздің намысын қорғауға келдік. Әсіресе, волейболдан ойын қызық өтті. Қалалық кезеңде де жеңіске жетеміз деген ойдамын. Бір ұжым болып, бірлесіп ойнасақ, қолдан келеді, - деп бөлісті 75 мектеп мұғалімі Қарақат Қарабекова.

Айта кетер жайт,  аталмыш спорттық шараның басты мақсаты мектеп мұғалімдері арасында салауатты өмір салтын насихаттап, үздік командаларды анықтау болып табылады.  

Жарыс нәтижелері бойынша арқан тартудан 18 мектеп мұғалімдері жеңді, сәйкесінше, келесі орындарды 79 және 18 мектептер иеленді. Ал гір көтеруден ең мықты 124 мектеп оқытушысы Жалмағамбетов Қайрат атанды. Ол 16 келілік екі гірді бір мезгілде 34 рет көтерді. Тоғызқұмалақтан әйелдер арасында 75 мектеп мұғалімі Қарлығаш Амреева жеңсе, ерлер арасында 46 мектеп оқытушысы Қайрат Сеитов зерек атанды. Сонымен қатар, қатысушылар шаxматтан бәстесті, бұл спорт түрінен 136 мектеп мұғалімі Ержан Абдраxманов қарсыластарынан басым түсті. Қызықты да тартысты волейбол ойындарында 79 мектеп берілмей, жеңуге тырысқанымен, шешуші матчта 2:1 есебімен 128 мектеп мұғалімдерінен жеңіліп қалды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамота, медаль және сыйлықтармен марапатталды. Ал спартакиаданы жеңіп алған команда алдағы уақытта қалалық кезеңде өз ауданының намысын қорғайды.

«Спорттық Алматы» бағдарламасы қаладағы бұқаралық спортты дамытуға бағытталған.