Дзюдодан Азия Кубогының алғашқы жеңімпаздары анықталды

21.04.2018, Оқылғаны: 412

Алматыда дзюдодан 1998-1999 жылы туылған жастар арасында Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Бекет Махмутовтың құрметіне арналған Азия Кубогы басталды, деп ақпараттық және спорттық ХАБ хабарлайды.

Бұл жарыс дзюдоның Азия одағы күнтізбесі бойынша «Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында Halyk Аrena мұз сарайында өтіп жатыр.

Дзюдо бәсекенің ашылу салтанатында өз құттықтауын Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбіл Дөңбаев жеткізді.

-Барлықтарыңыз білесіздер Бекет Сапарбекұлы біздің елімізге еңбегі сіңген қоғам қайраткері, дзюдо, бокс спорт түрлерін әлем және Олимпиада деңгейіне жеткізген. Сондықтан барлығымыз ол кісіге қарыздармыз. Жалпы біздің Қазақстан спортының дамуына, жастардың тәрбиесіне өте маңызды, мәнді жолды салып кеткен азамат. Осы жарыстың ашылуымен сіздерді құттықтай отырып, жарысты ашық деп жарияламын, - деді өз сөзінде Әбіл Дөңбаев.

Сонымен қатар, ол және ҚР Дзюдо федерациясының вице-президенті Асхат Житкеев ҚР Дзюдо федерациясының құрметті вице-президенті Абай Қаймақов пен Нұрлан Жабаевты осы спорт түріне үздіксіз үлес қосқаны үшін бесінші дан дәрежелі сертифкатымен марапаттады.

Бұл салтанатты шара барысында бишілер өз өнерлерін ортаға салып, «Алау» тобы өз әндерін орындады. Ал, артынша Қазақстанның әр аймағынан және Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мемлекеттерінен келген дзюдошылар өз бақтарын сынады.

Бірінші күні өткен жарыстың нәтижесі бойынша өз салмағында қыздар арасында Адия Сайын (44 кг), Ғалия Тынбаева (48 кг), Ақмарал Ерназар (55 кг), Меруерт Сәрсенова (57 кг) жеңімпаз болса, ұлдар арасында Нұрхан Алмабек (55 кг), Бауыржан Нарыбай (60 кг), Сұңқар Жұбаткан (66 кг) чемпион атанды.

- Бұл менің Азия кубогындағы алғашқы алтыным. Өте қуаныштымын. Финалдық кездесу өте қиын болды, бірақ, мен қарсыласымды өзімнің сүйікті әдісім «базаримен» ұттым. Жарысқа дайындық жақсы өтті, енді алда мамыр

айында Ливанда өтетін Азия біріншілігі күтіп тұр, артынша өзгеде халықаралық жарыстарда бағымды сынасам ба деймін. Өзім осы спортпен айналысқаныма 10 жыл болды, Олимпиада чемпоны болғым келеді- дейді Азия кубогының жеңімпазы Бауыржан Нарыбай (60 кг).

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом, медал және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Айта кету керек, бұл Кубок халықаралық дзюдо федерациясының ережесіне сәйкес жастар арасында дзюдо спортын дамыту және қатысушылардың шеберліктерін арттыру мақсатында ұйымдастырылуда.

Жарыс ертең ауыр салмақтағы спортшылардың қатысуымен аяқаталады. Басталуы сағат 10:00-де, Halyk Аrena мұз сарайында.