Алматыда баланы қалай спортқа бейімдеу керек?

07.09.2018, Оқылғаны: 598
«Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының баспасөз орталығында «Алматыда баланы қалай спортқа бейімдеу керек?» тақырыбында Алматы қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Рүстем Байсеитов пен «Спорттық Алматы» бағдарламасының жетекшісі Ержан Мұхамановтың қатысуымен брифинг өтті, деп ақпараттық және спорттық ХАБ хабарлайды.  
 

Қазіргі кезде мегаполистегі бұқаралық спортты дамыту мақсатында 4 бағыттағы бағдарлама жүзеге асырылуда: «Спорттық Алматы», «Спорт менің ауламда», «Батыл бол», «Белсенді ұзақ өмір сүру». Қалада дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар санының тұрақты өсу үрдісі байқалады. Ол 500 мыңнан астам адамды немесе тұрғындардың 30%-ын құрайды,- деп атап өтті «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасының орынбасары, қалалық мәслихаттың депутаты Станислав Канкуров.  

 
Алматы қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының айтуынша қалада 1839 спорт нысаны қызмет етеді. Өткен жылы Алатау ауданында жаңа жеңіл атлетика стадионы 40 жылда алғаш рет салынды. Осы жылы Әуезов ауданында «Эйс» теннис орталығы ашылды. Сонымен қатар, Орталық стадионның қосалқы алаңын қайта жаңарту, Медеу ауданында 5 мың орынға арналған жеңіл атлетикалық манеждің құрылысы және Алатау ауданында теннис орталығын салу бойынша жұмыстар жүргізілуде.  
 
2017 жылғы қысқы Универсиадаға салынған Almaty Arena және Halyk Arena мұз кешендерінде 10 хоккей клубы жаттығады, 4 мәнерлеп сырғанау мектебі, керлинг секциясы және шорт-тректен спорт мектебі жұмыс істейді (барлығы 632 бала айналысады). Сондай-ақ, бұл нысандарда 15 спорт секциялары ашылды, онда 983 адам (825 бала және 158 ересек) шұғылданады. Спорт кешендерінің бассейндерінде «АРДИ» (Мүгедек балалардың ата-аналары қауымдастығы) орталығымен бірлесіп, «Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жүзу тобы» әлеуметтік тегін жобасы жүзеге асырылуда. Ал, осы жазда «Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында үшінші жыл қатарынан балаларды тегін жүзуге үйрету сабақтары өткізілді.  
 
Алматы ипподромында жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жаңадан Алматы көкпар клубы құрылды. Онда балалар мен жасөспірімдерді олимпиадалық ат спорты мен ұлттық ат спорты түрлерінен оқыту жүргізіледі. 2018 жылдың басынан бастап мектеп спортшылары қалалық, облыстық және республикалық маңызы бар 10 жарысқа қатысып, 14 жүлделі орынға ие болды. Алдағы уақытта велосипедшілерді дайындайтын велотректің және «Спутник» стадионының қайта жаңарту жұмыстары аяқталады. Ол мемлекеттік жекешелендіру серіктесі жобасы аясында іске асырылуда.    
 
Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайында 10-ға жуық ірі іс-шараларды өткізу жоспарланған. Сарай базасында 400-ге жуық адамды қамтитын 5 спорт секциясы жұмыс істейді және «Айсұлу» әйелдер хоккей клубы спорттық-жаттығу процесін жүзеге асырады.  
 
Сонымен қатар, осы жылдың қараша айының соңына дейін «Нұртау» гольф-клубында 6-17 жасар балалар мен жасөспірімдерді гольф ойнауға тегін үйрету сабақтары өтеді. Ал, қыста «Спорттық Алматы» бағдарламасы бойынша тегін шаңғы тебуді үйрету сабақтары қайта жалғасын табады.  
 
Рүстем Байсеитов шара барысында осы жобалардың барлығына тоқталып, Алматыда балалардың спортпен айналысуына барлық мүмкінідктер жасалғанын тілге тиек етті. Сөз соңында ол Алматы спорты елімізде алдынғы қатарларда екенін тағы бір мәрте атап өтті.