Спорттық акробатикадан X Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы бірінші орынды иеленді

18.09.2017, Оқылғаны: 559

Бүгін «№ 9 Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде» спорттық акробатикадан X Азия чемпионаты аяқталды. Біріншілік үш жас санатында өткізілді: үлкендер, 11-16 жас аралығындағы жеткіншектер және 12-18 жас аралығындағы жастар. Байрақты бәсекеде Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай, Үндістан, Иран, Солтүстік Корея және Гонконг елдерінен келген 144 спортшы үш күн бойы бақ сынасты.

Сары құрлық бәсекесі Қазақстанда осымен бесінші рет өткізілді. Азия бірінішілігі акробатиканы Қазақстанда дамыту және елге таныту, спортшылар мен бапкерлердің шеберліктерін арттыру, сондай-ақ, халықаралық аренада ел мен Алматы қаласының спорттық имиджін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды.

Жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есеп бойынша Қазақстан құрамасы бірінші орынға жайғаса, Өзбекстан спортшылары екінші орынды иеленді. Ал үздік үштікті Қытай командасы түйіндеді.

- Барлығы жоғарғы деңгейде өтті. Біздің команда осындай байрақты бәсекеде алға озып, жеңіске жеткеніне аса қуаныштымын. Біз командалық жарыстардан үш кубокты иелендік. Айтулы доданың медаль мен дипломдарының басым бөлігі біздің команда қоржынында. Әрине, біз үшін бұл нағыз жетістік, қуанышымызды сөзбен жеткізу мүмкін емес, осындай нәтиже көрсеткен еліміздің спортшыларын мақтан тұтамын. Ұйымдастырушыларға шексіз алғысымызды білдіреміз, - деп бөлісті Қазақстан құрамасының спортшысы Диас Балтыбаев.

Чемпионат жеңімпаздары мен жүлдегерлері диплом, медаль, және кубоктармен марапатталды.

Айта кетсек, жарыс дене шынықтыру және спорт комитеті, Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі, «Қазақстанның гимнастика федерациясы» және «Алматы қаласы гимнастика федерацисы» қауымдастықтарының қолдауымен өткізілді.