Алматыда спорттық биден «Күз вальсі-2017» халықаралық жарысы басталды

17.11.2017, Оқылғаны: 584

Бүгін «Бағанашыл» спорт кешеніңде спорттық биден  11-ші  рет «Күз вальсі-2017»  халықаралық  турнирінің жалауы желбіреді.

Бұл турнир Алматыда 2005 жылдан бері өткізіліп келеді. Турнирде 1000-нан астам еліміздің бишілері  өзара мықтыны анықтауда. Сонымен қатар, жарысқа Өзбекстан, Қырғызстан, Украина, Белорусь, Ресей мемлекеттерінен келген спортшылар  қатысты. Ал төрешілер қатарында өзге мемлекттерден келген білікті мамандар қызмет атқарады.

Бүгінгі жас бишілер көрермендерге естен кетпес кеш сыйлады. Олардың өнері мен шеберлігі ешкімді бейжай қалдырмады. Әсіресе, кішкентай бүлдіршіндер әдемі де әсерлі би көрсетті.

- Мен сайыстарда бақ сынасуды жақсы көремін. Осымен төртінші жыл спорттық бимен «соло» санатында айналысудамын. Алғашқыда тек үшінші орындарға қол жеткізетінмін, ал қазір нәтижелерім өте жақсы. Бүгін де керемет өнер көрсеттім десем, артық кетпеспін. Өзім Шымкент қаласынан келдім, турнир жоғары деңгейде өтуде, - деп бөлісті жарыс жүлдегері Ханыкей Ниязалы.

Жарыс аясында халықаралық сайыстардың  санаттары бойынша ҚР біріншілігі мен кубогі өткізіледі: Балалар (4-6 жас); Ювеналдар 1 (7-9 жас); Ювеналдар 2 (10-11 жас); Юниорлар 1 (12-13 жас); Юниорлар 2 (14-15 жас); Жастар (16-18 жас) және Ересектер (19 –дан жоғары).

- Бұл турнир Алматыда 11-ші жыл қатарынан өтіп, дәстүрге айналып үлгерді. Жыл санап қатысушылар саны артып келеді. Әдеттегідей, турнир жоғары деңгейде өтуде. Сондай-ақ, ел біріншілігі барлық жастық санаттарда өтсе, Қазақстан кубогы ересектер арасында өтеді. Спортшылар деңгейі де жақсы, осы байрақты бәсекге көршілес елдерден келген бишілердің қатысуы біз үшін үлкен мәртебе, - деп атап өтті турнир ұйымдастырушысы Алексей Бубнов.

Айта кетер жайт, спорттық шараның  ұйымастырушылары ҚР Спорттық би федерацияларассоциациясы, Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы, Алматы қаласының спорттық би федеарциясы болып табылады.

Еске сала кетсек, айтулы дода қарашаның 19-ына дейін жалғасады. Ертең де сіздер жеткіншектердің тамаша билерін тамашалап, ләззат алуға мүмкіндіктеріңіз бар, келіп жас спортшыларға қолдау көрсетіңіздер!