Нариман Құрбанов: Менің есімім спорттық гимнастика тарихында қалады дегенге сене алмадым

07.03.2018, Оқылғаны: 928

Спорттық гимнастикадан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, Австралия елінің Мельбурн қаласында өткен әлем кубогының жеңімпазы Нариман Құрбанов біздің «Рухани жаңғыру» жобасы аясында болып жатқан «Алматының 100 спорт есімі» айдарында. Ақпараттық және спорттық ХАБ сіздердің назарларыңызға 20-жасар алматылық спортшының сұхбатын ұсынады.

- Бұл менің өмірімдегі екінші халықаралық жарысым болды. Әрине, қобалжыдым. Алайда, бірінші орын алғаныма өте қуаныштымын. Ол жерден алған әсерімді айтып жеткізу мүмкін емес. Шынымды айтсам, өзімнің нәтижемді көрсетемін деп ойлаған емеспін. Қалай болса да, Қазақстанда әлем кубогының алтын медалі болмағанына көп болып еді. Барлығына бұл күтпеген оқиға болды. Менің жасаған әдістерім әлемдегі ең қиын әдіс болып саналады. Сондықтан мен өзімнің шамамды білемін. Осындай үлкен турнирде тез топ жарамын деп ойламаппын.

- Бұл жарысқа дайындық қалай өтті?

- Бізде Ресейдің Пенза қаласында екі апталық оқу жаттығу жиын өтті. Мен өз жаттықтырушыммен бірге жақсы дайындықтан өттім.

- Былтырғы жылы сіздің есіміңізге арнап The Kurbanov деп бір элементті атаған еді, сол қалай болғанын айтып берсеңіз?

- Бізде гимнастикада элементтер өте көп, соның ішінде ат жаттығуында да. Ол жерде екі қол арқылы өтіп кететін әдіс бар, бірақ сол әдістін артқа айналатыны болмады. Мен оны, осы уақытқа дейін әлемде ешкім жасамағанына таң қалдым. Содан, осыны ақырындап көріп, қиындата бастадым. Соны сезіп, мен екі-үш айдан соң толықтай жасай бастадым. Бірақ, өкіншіке қарай, әлем чемпионаты басталуына бір ай қалған кезде, мен қол буынымды сындырып алдым, содан екі апта бойы гипспен жүріп, екі апта қалған кезде дайындалдым. Сол уақыт арасында мен өз қалпыма келіп үлгердім және өз элементімді орындадым. Алайда, жақсы нәтиже көрсете алмадым.

- Өзіңіздің сол элементті орындаған сәттегі сезіміңіз қандай болды?

- Ол өте есте қаларлық сәт болды, әсіресе сен оны әлем чемпионатында орындаған кезде өзгеше әсер алады екенсін. Мен, есімімді спорттық гимнастика тарихына еңгізеді дегенге сене алмадым. Өте бақытты күй кештім. Өзімнің бапкерлерімнен қайталап сұрай бердім. Осы элементті есептей ма жоқ па деп.

- Сізден кейін оны ешкім орындамады ма?

- Әлем чемпионаты кезінде маған танымал спортшылар келіп қалай жасайды деп сұрап жатты, бірақ мен әлі ол элементті жасаған гимнасты әлі көрмедім.

- Ат үстіндегі жаттығу сіздің снарядыңыз ба?

- Иә. Мен кезінде барлық 6 снарядқа да қатысып жүрдім. Содан, бірден өсіп кетіп, барлық қабілетімді жоғалтып алдым. Нәтижесінде тек ат үстіндегі жаттығуды ғана орнына келтіре алдым. Міне, сол жаттығуды шыңдап, жақсы игеріп алдым.

- Сіз бұл спортқа қалай келдіңіз?

- Мен 5 жасымнан бастап айналыса бастадым. Қазір міне 15 жыл болыпты. Мені басында әкем алып келген еді, олда ауыр атлетикамен айналысып, гимнаст болған. Ал, қазір менің жаттықтырушым.

- Басқа спортқа қызығушылық болды ма?

- Иә, футбол, жеңіл атлетикамен айналыстым. Мен тек 15 жасымда ғана осы спортта қалу керек екенін ұқтым, себебі өзімнің күшіме сеніп, қандай қабілетім бар екенін түсіндім.

- Бұл алтын медалдің сіз үшін қаншалықты маңызы бар?

- Бұл алтын медалдің маңызы маған өте зор, ол тек менікі ғана емес, бүкіл Қазақстанның жемісі. Мен бүкіл әлемге елімізде спорттық гимнастика бар екенін және оның қайта жаңғырып келе жатқанын көрсеттім. Алдағы уақытта тыңбай еңбектенемін.

- Үлгі тұтатын адамыңыз бар ма?

- Жоқ. Мен тек әр адамның жақсы жақтарын аламын.

- Қазақстанның қай қаласында гимнастика жақсы дамыған деп ойлайсыз?

- Алматы деп ойлаймын.

- Сіздің басты мақсатыңыз қандай?

- Олимпиада ойындарын жеңіп алу. Мен өзімді дайынмын деп айта аламын. Екі жылдың ішінде жақсы нәтижелер көрсетсем деймін. Әлем чемпионаты, Азия ойындарында барлығынан алтын алатыныма сенімдімін.