Алматыда «Спорттық лига» фестивалі өтті

12.05.2018, Оқылғаны: 563
Бүгін «Атакент» кешенінде күш қолданылатын спорт түрлерінен «Спорттық лига» фестивалі өтті. Осымен үшінші рет өтіп жатқан жарыс, қаламыздың игі дәстүріне айналып үлгерді, деп хабарлайды ақпараттық және спорттық ХАБ.

Бұл жарыс Қазақстанда спортты дамытуға және қала тұрғындарын жаңа спорттық бағыттармен таныстыруға бағытталған. Фестиваль барлық спорт түрлерін біріктіріп, кез келген адамға чемпион атануға мүмкіндік береді.

Ауданы 3500 шаршы метр болатын аумақта барлық қалаушылар армрестлинг, кроссфит, воркаут, стронг мэн және басқа да күш қолданылатын спорт түрлерінен бақ сынасып, өзара мықтыны анықтады. 

Спорттық шара ұйымдастырушыларының бірі «Мен Алматылықпын» қауымдық бірлестігі болып табылады. Ал бұл ұйымның жетекшісі Константин Авершин ұлттық спорт түрлерін де ұлықтауға тырысудамыз, келесі жылы асық атудан да жарыс өткізу жоспарда бар деген болатын.

- Осы жылы қала әкімдігі бізге барынша қолдау көрсетті, оларға деген алғысымыз шексіз. Біз кәсіпқой спортқа көп көңіл бөлмей, барлығын қатыстыруды шештік. Яғни, кез келген адам келіп, бәстесуге мүмкіндік алды. Қай спорт түрі екені маңызды емес, кроссфит, армрестлинг, немесе би болсын, ең бастысы, спортпен шұғылданып, дұрыс, дені сау қауыммен бірге болу. Әр жыл сайын қатысушылар саны өсіп келеді, келесі жылы бұдан да көп болады деген сенімдемін, - деп бөлісті Константин Авершин.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, өзге мемлекеттердің әлемге әйгілі спортшылары мұндай шараларға қолдау көрсетіп, жыл сайын қонаққа келеді. Осы жылы Ресейден әлемнің үздік бестігіне кіретін ең мықты адам Михаил Шивляков және армрестлингтен Ресей чемпионы Василий Кузнецов фестивальге қатысты. Өткен жылы құрметті қонақ қатарында Михаил Кокляев, ал 2016 жылы әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спортшы, бодибилдер Рамзес Тлякодугов болған болатын.

Айта кетер жайт, фестиваль аясында армрестлингтен кәсіпқойлар арасындағы Қазақстан чемпионаты өтті, оның барлық салмақ санаттарындағы жеңімпаздары әлем чемпионатында ел намысын қорғайды.