Алматыда балалар үйі мен мектеп-интернат тәрбиеленушілері арасында баскетболдан Қазақстан чемпионаты өтеді

15.05.2018, Оқылғаны: 560

Мамырдың 16- і  мен 23-і  аралығында  «Достық» спорт кешенінде  балалар үйі мен мектеп-интернат тәрбиеленушілері арасында баскетболдан «Үміт Кубогы» Қазақстан чемпионатының жалауы желбірейді. Ел біріншілігінде 2001 жылы туылған және одан кіші балалар  жарыс жолына шығады, деп хабарлайды ақпараттық және спорттық ХАБ.

Чемпионаттың салтанатты ашылу рәсімі сағат 11.00, Олимпиада чемпиондары Әлжан Жармұхамедов пен Иван Едешконың қатысуымен өтеді.

Сонымен қатар, осы турнир аясында  мамырдың 15-і мен 17-і аралығында  баскетболдан балалар мен жасөсіпірімдерді жаттықтыратын, дене шынықтыру және спорт бапкерлері үшін арнайы Олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедов өз семинарын өткізеді.

Әлжан Жармұхамедов келесі тақырыптарға тоқталатын болады: баскетболдағы балалар мен жасөспірімдердің арнайы физикалық дайындығы, жеке қорғау әдістерінің негіздері, баскетболдағы балалар мен жасөспірімдердің жеке техникасы, команданың тез уақытта дамуы мен бірігуі, балалар мен жасөспірімдер арасындағы баскетбол бапкерінің жұмысындағы басты мәселелер.