Алматыда балалар үйі мен мектеп-интернат тәрбиеленушілері арасында баскетболдан Қазақстан чемпионаты басталды

16.05.2018, Оқылғаны: 771

Бүгін «Достық» спорт кешенінде балалар үйі мен мектеп-интернат тәрбиеленушілері арасында баскетболдан «Үміт Кубогы» Қазақстан чемпионатының жалауы желбіреді. Ел біріншілігінде 2001 жылы туылған және одан кіші балалар  бір апта бойы өзара мықтыны анықтайтын болады, деп хабарлайды ақпараттық және спорттық ХАБ.

Чемпионаттың салтанатты ашылу рәсімі Олимпиада чемпиондары Әлжан Жармұхамедов пен Иван Едешко, спорт қайраткері Дәулет Тұрлыханов, баскетболдан Қазақстан ұлттық Федерациясының бас хатшысы Ален Танатаров және басқа да құрметті тұлғалардың қатысуымен өтті. Олар қатысушыларға жарқын жеңіс пен сәттілік тіледі.

- Біз турнирге қатысу туралы ұсынысты қуана-қуана қабыл алдық. Өйткені, ата-ана махаббатынсыз өскен балаларды қолдау, оларға көмектесу, біздің міндетіміз. Мен әкемнің отаны – Қазақстанға әрқашан келгеніме қуанамын. Мұндай жарыстар салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, балалардың мақсаттарына қол жеткізуіне септігін тигізеді, - деп бөлісті Әлжан Жармұхамедов.

Сондай-ақ, бүгін Олимпиада чемпионы Иван Едешко қатысушыларға шеберлік сабағын  өткізді. Ол өз тәжірибиелерімен бөлісіп, командалық рухтың маңызын түсіндіріп, көрсетті. Ал қатысушылар, өз кезегінде, мұқият тыңдап, жаттығуларды бұлжытпай орындады.

- Біз баскетбол ойнауды аулада бастағанбыз, қозғалыс пен доп соққанға, жалпы, баскетболға ғашық болғанбыз. Сондықтан, баскетболшының қайда туылып, қайдан шыққан маңызды емес, ең маңыздысы, баланың ынтасы. Әрине, осындай турнирлер керек, жарыс балаларға шабыт сыйлап, қызығушылықтарын арттырады, - деп атап өтті Иван Едешко.

Сонымен қатар, осы турнир аясында баскетболдан балалар мен жасөсіпірімдерді жаттықтыратын, дене шынықтыру және спорт бапкерлері үшін арнайы Олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедовтың кіші ұлы өз семинарын өткізуде.

Еске сала кетсек, балалар үйі мен мектеп-интернат тәрбиеленушілері арасында баскетболдан «Үміт Кубогы» Қазақстан чемпионатының финалдық ойындары мамырдың 23-і  күні «Достық» спорт кешенінде өтеді.