Алматының "Буревестнигі" халықаралық турнирде жеңімпаз атанды

17.12.2018, Оқылғаны: 494

Алматыда волейболдан ерлер арасында  "Буревестник кубогы" деп аталатын халықаралық турнир аяқталды. Бұл жайында HUB спорттық-ақпараттық орталығы хабарлайды

Алматының "Буревестнигі" Қырғызстан мен Өзбекстанның командаларын 3:0, Түркіменстанның командасын 3:1 есептерімен ұтып, ресейліктерден 2:3 есебімен ұтылды. Нəтижесінде "Буревестник" бірінші орын алса, екінші жəне үшінші орынды Түркіменстан мен Ресей командалары иеленді.

"Буревестник" клубының президенті Шабдарбаев Аманкелді Смағұлұлы басшы, ардагер жəне волейбол жанкүйері ретінде осы жарысқа көңілі толғанын айтты. 

- Алматылықтар волейболды жақсы көреді. Кездесулер өтіп жатқан тұста көрермендердің көбі ішкі толқыныстарын сыртқа шығарып отырды. Төрт команда бір деңгейде өнер көрсетті. Бұл жағдай əр ойынды шиеленістіре түсті. Тек қана қосалқы құрамдағы ойыншыларға арқа сүйеген Қырғызстанның командасы əлсіздеу екен. Ал Мəскеу облысының волейболшылары түркімендермен 3,5  сағат ойнады. Бұл өте көп уақыт. Олар екінші орынға таласып, ұтылып қалды. Түркімендер Еуропаға жиі шығып, түрлі турнирлерге қатысады. Соның арқасында шеберліктері əбден шындалған. Біздің команданың бабы жақсы. Олар əркез жеңіске жетуді ғана көздейді. Əр жеңіс бізді жігерлендірді. Соның нəтижесінде көздеген мақсатқа қол жеткіздік. Енді 21  желтоқсанда біздің залда Ұлттық лига ойындары өтеді, - дейді  Аманкелді Шабдарбаев.