Алматыда банк қызметкерлері арасындағы спартакиадада үздік командалар анықталды

16.09.2017, Оқылғаны: 540

Бүгін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ спорттық кешеніңде «Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында Алматы қаласының банк қызметкерлері арасында Қала күніне арналған спартакиада өтті. 

Жарыс "Рухани жаңғыру" аясында шағын-футбол, армрестлинг, жеңіл атлетика (эстафета 4х100), гір көтеру, арқан тарту, тоғызқұмалақ және шахмат спорт түрлерінен 11 команданың қатысуымен өте қызықты әрі жоғары деңгейде өткізілді. 

Бұл спорттық шараның нәтижесі бойынша "Халық банкі" спортшылары жалпыкомандалық есепте бірінші орын иеленсе, "Еуразиялық банк" команда екінші орынға жайғасты. Үздік үштікті "Цесна" ұжымы түйіндеді. 

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом, медаль және сыйлықытармен, сонымен қатар үздік атанған ұжымдар кубоктармен марапатталды.

-Біз осы спартакиадаға екінші жыл қатарынан қатысып отырмыз. Жарыс біз ойлағандай жоғары деңгейде өтті. Мен бүгін армрестлингтан екінші орын алдым. Нәтиже жаман емес, оның үстіне біздің ұжым жалпы есеп бойынша бірінші орынды иеленіп отыр. Қала күні қарсаныңда бұл біз үшін қос қуаныш, - деді "Халық банкі" командасының қатысушысы Жанболат Ерменов.

Сонымен қатар, екінші орынға ие болған "Еуразиялық банкі" қызметкерлерінің қолдауы өте әсерлі әрі ерекше болғанын атап өткен жөн болар. 

-Біздің команда осындай жарыстарға жиі қатысады. Сіздерге адал әрі ашық түрде төрешілік еткендеріңізге алғыс айтқым келеді. Біз өте қуаныштымыз. Барлығына ұнады деген ойдамын. Спорт болған соң жеңісте, жеңілісте болады, сондықтан барлығы әлі алда, - деді "Еуразиялық банкі" қызметкері Аян. 

Айта кетер жайт, спартакиаданың басты мақсаты банк қызметкерлерінің дене шынықтыру деңгейін арттыру және үздік ұжымдарды анықтау болып табылған болатын. 

«Спорттық Алматы» бағдарламасы алып шаһардағы бұқаралық спортты дамытуға бағытталған.