Рашид Душебаев: Спорттың арқасында көптеген адамдар атақты болған

28.03.2018, Оқылғаны: 663

«Спорттық Алматы» бағдарламасының мектептегі іс-шаралар бөлімінің басшысы Рашид Душебаев «Рухани жаңғыру» жобасы аясында «Алматының 100 спорт есімі» айдарына сұхбат берді. Ақпараттық және спорттық ХАБ журналистімен болған әңгімесінде ол өзінің спорттық өмірі мен қазіргі жұмысы туралы айтты.

- Мен спортпен совет өкіметі заманында айналыса бастадым. Футболды қатты жақсы көремін. Содан әскерде болып, Балтық флотында қызмет атқардым. Сонда жүріп те футбол ойнап, жеңіл атлетикамен айналыстым. Артынша елге оралып, шет тілдері институына түсіп, білім алдым. Содан көптеген жерлерде қызмет атқардым. Бір жылдары қазіргі Алмалы ауданында спортты басқарғанмын. Онымен қоса, білім, медицина саласында да қызмет атқарып үлгердім.

- Қазір сіз мектеп оқушылары арасында спорттың бірнеше түрінен жарыстар ұйымдастырып жүрсіз. Осы жұмысыңызда сізге не ұнайды?

- Маған балалармен жұмыс істеген ұнайды. Оның үстіне кезінде білім жүйесінде жұмыс істегендіктен оқушылармен тез тіл табысамын. Барлығымен жақсы қарым-қатынастамын. Осындай спорттық шаралар ұйымдастырғаннан мен ләззат аламын, қиын, әрине, бірақ қызықты.

- Сіздің балаларыңыз спортпен шұғылдана ма?

- Иә. Жеңіл атлетикамен.

- Сізге басқа қандай спорт түрлері ұнайды?

- Мен көбінесе бұқаралық спортты ұнатамын. Атап айтсам, футбол мен үшін ерекше орын алады. Менің кумирім әйгілі Диего Марадона.

- Жастарға қандай кеңес айта аласыз?

- Спортпен айналысындар деймін. Спорт деген өте керемет нәрсе. Соның арқасында көптеген адамдар атақты болған. Сонымен қатар, ол денсаулыққа өте пайдалы.