Аула командалары арасындағы лига мыңдаған футбол әуесқойларын жинады

15.04.2018, Оқылғаны: 380

Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің стадионында футболдан аула командалары арасындағы лиганың кезекті ойындары өтті, деп ақпараттық және спорттық ХАБ хабарлайды.

Дәстүрге айналған теңбіл доп додасы «Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында «Мaxi чай» компаниясының қолдауымен апта сайын ұйымдастырылады.

Әдеттегідей, алаңға бірінші болып балалар шықты. 700-ге жуық жеткіншек олимпиадалық жүйе бойынша бәстесті. Жалпы 81 ұжымның ішінде үздік команда атағын «Шпоры» футболшылары алды. Ал екінші орынды бұған дейінгі жарыстардың жеңімпазы ФК «Баженовтер» иеленді. Үшінші орынға «Алматы» командасы жайғасты.

- Біз бұл жарысқа әрдайым қатысамыз, өте ұнайды. Алғаш рет алтынды жеңдік, бұған дейін тек жүлдегер атанғанбыз. Соңғы шешуші ойын қызықты әрі тартысты өтті, «Баженовтер» командасы өте мықты екен. Оларды жеңгенімізге аса қуаныштымыз. Сыйлықтарға да ризамыз, ұйымдастырушыларға шексіз алғысымызды білдіреміз, - деп бөлісті «Шпоры» командасының ойыншысы Әділет Абай.

Ал ересектер тобында 102 команда тіркелді. Осылайша, 800-ден аса қатысушы шеберлігі мен керемет ойын үлгісін көрсетті. «Б» лигасында алтынды ФК «Старт» олжалады, осыншама команданың ішінде үздіктер қатарына тек мықты футболшылар кірді. Солардың бірі «Интер Алматы» күміспен күптелсе, «АПС» қоланы қанағат тұтты.

Жалпы жарысқа 1500-ге жуық футбол әуесқойлары жиналды, бұл жолы қатысушылар саны рекордты көрсеткішті құрады.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдар және медалдармен марапатталды. Сонымен қатар, оларға аула лигасының серіктесі «Мaxi чай» компаниясының сусындары табысталды.

Аула лигасының басты мақсаты қала жастарының спортқа деген қызығушылықтарын арттырып, футбол ойынын дамыту болып табылады.