Футболдан аула командалары арасындағы лига екі күнге созылды

24.06.2018, Оқылғаны: 1109
Алматыда аула командалары арасындағы футбол лигасының кезекті ойындары өтті, деп ақпараттық және спорттық ХАБ хабарлайды.  
 
Бұл жарыс «Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында екі күн бойы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жаңа футбол алаңында өткізілді. Өзара мықтыны анықтау үшін жалпы саны 94 команда қатысты. Олар олимпиада жүйесі бойынша жарысты.
 
800-ге жуық ойыншылар өз шеберліктерін ғана танытпай, қызқты ойындар да көрсете білді. Нәтижесінде жасы 8-ден 14-ке дейінгі қатысушылар арасында «Асыл арман» жеңімпаз атанды, ал, екінші және үшінші орынға «Шпоры» мен «Орда» ие болды.
 
Екінші «Б» лигасында (15-тен жоғары жас) орындарға ие болған командалар: «Империя», «Арлан» және «Орда».
 
- Барлық ойындар қызықты өтті. Жартылай финалда біраз қиналдық, бірақ ұттық. Дайындығымыз жақсы болды. Осыған дейін де бірнеше рет қатысқан болатынбыз. Алдағы уақытта да дайындалатын боламыз, - деп өз ойымен  «Империя» ойыншысы Жасұлан Шайзат бөлісті.
 
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдар мен медалдарға, сонымен қатар, футболкаларға ие болды.
 
Аула лигасының басты мақсаты қала жастарының спортқа деген қызығушылықтарын арттырып, осы спортты дамыту болып табылады. Бұл футбол турнирі осы жылы осымен тоғызыншы рет өтіп отыр.